Бес адам ас кезінде ауылдағы дүкеннен сатып алынған тұшпара мен шұжық жеп уланған
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Надежка елді мекенінде бір отбасы астан уланып, екі бүлдіршін қайтыс болды. Бірқатар сараптамадан кейін балалардың өліміне не себеп болғаны анықталып отыр.
Оқыс оқиға 13 маусым күні болған еді. Еске сала кетейік, бір отбасының бес адамы кешкі ас кезінде ауылдағы дүкеннен сатып алынған тұшпара мен шұжық жеп, кейін уланып, ауруханаға түскен еді. 3 және 6 жастағы баланы құтқару мүмкін болмады.
Сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар сараптама жүргізіліп, нәтижесінде балалардың өліміне нитриттерден улану себеп болған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, - дейді СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, нитритті ет өнімдеріне – шұжықтарға қолданады, өнімді ыстаған, маринадтаған және тұздаған кезде пайдаланады.