Енді такси жүргізушілері мен курьерлер әлеуметтік пакетпен кепілдендірілетін болды
Елімізде 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Яндекс, Uber, Volt платформаларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде, оның ішінде елімізде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсілдерін қолдануға тың серпін берді. Бұған қоса, ел экономикасына цифрландыру мен жаңа технологиялар да өз әсерін тигізіп жатыр. Соңғы жылдары нақты секторға қарағанда, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың саны өсе түскені байқалады.
Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Uber, Volt және Glovo сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді, – деп мәлімдеді Еңбек министрі.
Сонымен бірге ол мұндай режимнің тұрғындарға өте ыңғайлы екенін атап өтті. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы.
Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды. Осыған байланысты, бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесу өткіздік. Олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылдадық, – деді Тамара Дүйсенова.
Министр жұмыстың нәтижесін жыл соңына қарай ұсынатынын айтты. Ведомство платформалық жұмыспен қамтуды танып, оны заңдастыру арқылы азаматтарға ыңғайлы режимді сақтай отырып, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды көздеп отыр.
Бұған дейін Тамара Дүйсенова Ресей азаматтарының Қазақстанға келуі еңбек нарығында қиындық тудырмайтынын айтқан.