Кінәлілер жауапқа тартылды
Ақтөбеде табиғатты қорғау прокурорлары облыс әкімдігі табиғатты қорғау шараларының жоспарын зерделеу барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Экологиялық заңнамада қоршаған ортаны жақсартуды қаржыландыруға қойылатын талаптар белгіленген. Ол бойынша, әкімдіктер табиғи ресурстарды пайдаланушылардан түскен көлемнен кем емес қаражат бөлуге міндетті.
Алайда, 2019-2021 жылдары облыс бойынша қоршаған ортаны ластаған барлық компаниядан бюджетке 25 млрд теңге түскен. Жоспарға сәйкес, 2022-2024 жылдар бойынша жалпы шығындар 23 млрд теңге болған.
Прокуратураның мәліметінше, жоспардың өзі талаптарға сәйкес келмейді, өйткені ол Үлгілік тізімде қарастырылмаған іс-шараларды қамтиды. Жоспарға ауылдарды газдандыру, жылу желілерін жөндеу, орман шаруашылығы мекемелерінің аппараттарын күтіп ұстау негізсіз енгізілген. Заңда көзделмеген шараларға жұмсалған қаражаттың жалпы көлемі 8 миллиард теңгеден асты.
Қазір табиғатты қорғау прокуратурасының шараларымен табиғатты қорғау іс-шараларының жоспары Үлгілік тізбеге сәйкес түзетіліп жатыр. Қаржыландыру көлемі 30 млрд теңгеге дейін өседі.
Қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды азаматтар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.