Ауыл оқушылары робототехникадан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
Додаға 200-ден аса команда қатысты
Қазақстандық ауыл оқушылары Бейжіңде өткен FIRST Lego League робототехника бойынша ұлттық чемпионатта күміс жүлдегер атанды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, чемпионатқа Қазақстан құрамасы қонақ ретінде қатысқан. Оқушылар «Өнердегі инновация» тақырыбында LEGO-дан робототехника әзірлемелерін даярлап, фокустар көрсету бағдарламасы орнатылған интерактивті роботтар құрастырды. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-10 жас аралығындағы 238 команданың арасында күміс жүлдеге қол жеткізіп, екінші орынды иеленді.
Еліміздің намысын Жетісу облысының ауыл мектептерінің және Талдықорған қаласының бастауыш сынып оқушылары Нұрсұлтан Бексұлтанов, Нұрболат Алинур және Нұржан Жантөре қорғады. Жаттықтырушы – Альбина Қожантай.
Сондай-ақ, дәл осы күні Алматы қаласының жас инженерлері Сиднейде First Lego League Challenge санатындағы Asia Pacific Open Championship чемпионатында беделді Motivate Award жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан құрамасына жаттықтырушылар Тимур Мақажанов пен Русланның жетекшілігімен LEAS мектебінің оқушылары Аружан Мнайдар, Диас Мұратов, Кирилл Медведков, Валерий Протопопова, Никита Хагай, Әзиз Ермекқалиев, Даниэль Ким, Айдар Мұқашбаев және Әлішер Садыров кірді.