Алынған төлем ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалмақ
Биыл 2 мың шақырымнан астам 11 жол учаскесіне ақы алуды енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары әрі қарай жалғаспақ.
Бүгінде ақылы жолдардың жалпы ұзындығы – 3,2 мың шақырым. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды.
Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр, – делінген Үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ, елімізде 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелсе, оның 60 мыңы рұқсат етілген 25 тонна жүк тасу көлемін сақтамайды. Осыған байланысты салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілікті күшейту, карьерлік самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салуға тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді.
Жылдың соңына дейін автокөліктің қозғалысы кезінде салмағын өлшейтін 220 станса орнату жұмыстары басталды. Өлшеу стансалары бұзушылықтарды онлайн тіркеп, айыппұлды «Сергек» бағдарламасы форматында рәсімдейді.