Halyq Uni логотип
×

YPO Kazakhstan ұйымының төрағасы ауысты

Қазақстандық бөлімшеге 44 кәсіпкер мүше болып отыр

 Динара Амантай 08.07.2024 | 17:43
YPO Kazakhstan ұйымының төрағасы ауысты
Фото: facebook.com/rauanga

YPO Kazakhstan ұйымының жаңа төрағасы Рауан Кенжехан болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

YPO (Young President Organization) – құрылғанына биыл 75 жыл толатын, кәсіпкірлерді біріктіретін дүние жүзіндегі ең ірі ұйым. Қазір бұл ұйымға 150 елден 34 мың кәсіп иелері мен ірі компаниялардың бірінші басшылары кіреді. YPO мүшелері басқаратын бизнестердің жалпы табысы 9 триллион доллардан асады. YPO мүшелері әлем бойынша 22 миллионнан аса адамға жұмыс беріп отыр.

Ұйымның Қазақстандық чаптері (бөлімшесі) 2011 жылы Нұрлан Қаппаровтың бастамасымен құрылған. Қазір қазақстандық YPO-ға 44 кәсіпкер мүше болып отыр. Алдағы 3-4 жылда 100 мүшеге жету міндеті тұр.

Ұйымның мақсаты – өзара білім және тәжірибе бөлісу арқылы кәсіпкерлер ортасының өсуіне ықпал ету. Елдегі кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп жүргізудегі ілгері халықаралық талаптар мен тәжірибенің орнығып, таралуына жағдай жасау. Кәсіпкерлер арасындағы өзара сенімге негізделген, мағыналы, мәнді қарым-қатынас дамыту, қоғам мен елге пайдалы бизнес жүргізу идеясына қызмет ету.

Осы мақсатта YPO Kazakhstan жыл сайын ондаған бизнес форум, оқу-ағарту жиындары мен қайырымдылық шараларын өткізеді.

Сондай-ақ, YPO Kazakhstan мүшелері елдегі ана мен балаларды қорғау, денсаулық пен спортты дамыту, руханият пен мәдениетті қолдауға арналған ең ауқымды шараларды ұйымдастырып, қаржыландырады. Соның ішінде білім беру және қазақ тілін қолдауға арналған тиімді бастамалар көп. Атап айтқанда: YPO мүшелері «Ана үйі», iQanat, ұлттық спорт түрлерінің 8 федерациясын, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының және басқа да ірі жобаларды алып жүр.

Келер жылы осы бағыттағы жұмысты дамыта түсеміз. Осыған орай Астанада YPO Kazakhstan ұйымының жылдық жиналысы өтті. Басқосуда өткен жылғы жұмыс қорытындылап, жаңа міндеттер анықталды. Соның ішінде YPO аясындағы халықаралық ықпалдастық, әлеуметтік жауапкершілік, елімізді жан-жақты дамыту үшін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастық бағыттарына ерекше ден қоямыз, – деді Рауан Кенжехан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама