Тұрақты қаржыландыру, зерттеулер жүргізу және жабдықтау мәселелері қарастырылып жатыр
Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ғылыми институты қайта құрылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат алдыңғы жылы әріптестерімен бірге Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ғылыми институтына барып, оны қайтадан дербес институт ретінде құру туралы мәселені шешуге уәде бергендігін жеткізді.
Үкіметпен бірлесе отырып, арнайы қаулы шығарылып, институт дербес ұйым ретінде құрылды. 1958 жылы негізі қаланған бұл институт барлық шахтерлер, металлургтер және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 500 мыңға жуық азаматтар үшін ерекше маңызға ие. Кейінгі жылдары институт университет құрамына кіріп, кейбір бөлімдері жабылып, тіпті жабылу қаупі де туындаған болатын. Мәселені шешіп бергеннен кейін ендігі кезекте осы институттың тиімді жұмыс істеуі үшін тұрақты қаржыландыру, зерттеулер жүргізу және жабдықтау мәселелерін қарастырдық, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Кездесуге қатысқан денсаулық сақтау вице-министрі мен ғылым вице-министрі осы мәселелерді шешуге атсалысатындарын айтты.