×

Астанада ең беделді IBO-2024 халықаралық олимпиадасы басталды

Бүгінде ел астанасына 81 мемлекеттің командалары жиналды

 Динара Амантай 08.07.2024 | 10:06
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада оқушылар арасындағы IBO-2024 биологиядан халықаралық ең беделді олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жиынға ведомство басшысы Ғани Бейсембаев, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова арнайы қатысқан.

Биологиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілген. Сол уақытта оған тек 6 ел қатысқан болса, бүгінде ел астанасына 81 мемлекеттің командалары жиналды.

Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы осыдан бір жарым ғасыр бұрын: «Адамның күші оның ойы мен білімінде жатыр», — деген. Осы сөздің бүгін де өзекті екеніне күмән жоқ. Сіздердің көпшілігіңіз болашақта белгілі биолог атанып, мыңжылдықтың орасан зор жаңалықтарын ашасыздар деп сенемін. Осы Олимпиада әрқайсыңыз үшін мамандық таңдаудың, әлемдік ғылымның игілігі үшін елеулі жетістіктерге жетудің маңызды кезеңіне айналатынына сенімдімін. Олимпиада сіздерге Қазақстанмен танысып, біздің салт-дәстүріміз, қонақжайлығымыз бен достығымыздан ұмытылмас әсер қалдырады деп ойлаймын, — деді Ғани Бейсембаев.

International Biology Olympiad – әлемдегі ТОП-7 халықаралық олимпиаданың бірі. Биыл білім додасына әлемнің 81 елінен 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысып жатыр. Қазақстандық оқушылар 28 жылдан бері аталмыш додада ел намысын қолдан бермей келеді. Осы жылдар ішінде 70-тен аса марапатқа ие болған. Ұйымдастыру комитетінің биылғы олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдауына да біздің оқушыларымыздың жетістіктері себеп болды. Қатысушылар тек зияткерлік сайысқа ғана қатысып қоймай, сондай-ақ, елорданың көрікті жерлерін, Қазақстанның інжу-маржаны — Бурабайды аралайды, еліміздің тарихымен, өнерімен танысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама