Терроризмді насихаттаған 3 қазақстандық сотталды
Олардың бірі бұған дейін ұқсас қылмысы үшін 20 жылға сотталған болып шықты
Биылғы маусымда террористік сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін Қазақстанның үш азаматы сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 3 және 7 маусымда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен терроризмді насихаттау фактісі бойынша екі жергілікті тұрғынның әрбірі 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Олардың айналасындағыларға, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы радикалды діни материалдарды таратқаны анықталды.
Сонымен бірге 11 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты осыған ұқсас қылмысы үшін түрмеде отырған елорда тұрғынын 6 жылға қосымша бас бостандығынан айырды. Ол биылғы ақпанда билікті басып алуға, террористік топты құруға және басқаруға, террористік әрекетті ұйымдастыру мақсатында үй жалдауға, терроризмді насихаттауға және қаржыландыруға көпшілікті шақырғаны үшін 20 жылға сотталған болатын.
Тергеу изоляторында болған уақытында ол заңсыз әрекеттерін тоқтатпай, камераластарына терроризм идеологиясын таратуға тырысқан.