Halyq Uni логотип
×

ҰБТ тапсыру кезінде ереже бұзғаны үшін 118 талапкердің нәтижелері жойылды

Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді

 Динара Амантай 07.06.2022 | 11:25
ҰБТ тапсыру кезінде ереже бұзғаны үшін 118 талапкердің нәтижелері жойылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 90 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. Оның ішінде түлектердің 74,7%-ы қазақ тілінде, 25,2%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Бұл туралы БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинаған. Орташа балға келетін болсақ, ол 65 балды құрады.

Биыл негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Естеріңізге сала кетсек, мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады.

Айта кететін жайт, биылғы ҰБТ тапсыру бірқатар жаңалықтармен ерекшеленеді. Соның ішінде талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі. Талапкерлердің, атап айтқанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Бұған қоса академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижелерін жояды.

ҰБТ-дағы тағы бір жаңалық, биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.

Өткен жылы Face-ID жүйесі мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан 18 жағдай анықталды. Биыл біз алғаш рет бөгде адамдарды кіргізуге тырысу фактісін тіркедік. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа тұлғаны жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды, тестіленуші мен тестілеуге кіруге талпынған бөгде тұлға бойынша дерек құқық қорғау органдарына жіберіледі, – деп атап өтті БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Тестілеу орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда 119 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 118 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Айта кетсек, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама