Бұл жерде 11 корт бар
Түркістан қаласында теннис орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады.
Түркістан облысында спорт саласына жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында айналдырған 3 жылда әлемдік деңгейдегі бірнеше спорт нысаны салынды. Стадион, «Olympic Center» спорт кешені пайдалануға берілді. Қалада «Мұз» сарайы, Бекзат Саттарханов спорт кешені салынып жатыр.
Енді міне, бүгін халықаралық талапқа сай теннис орталығының техникалық ашылуына қатысып отырмыз. Осы салтанатты жиынға жерлесіміз, 14 жасқа дейінгі еліміздің бірінші ракеткасы, талантының арқасында Еуропада топ жарып жүрген Заңғар Нұрланұлы баламызды арнайы шақыртып отырмыз. Болашақта Джокович, Надаль секілді теннис жұлдызына айналады деп сенеміз, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Одан әрі ол теннис орталығында алдағы уақытта республикалық, халықаралық жарыстардың өтіп тұратынын, жасөспірімдеріміз бен жастарымыз, тенниссүйер қауым осында шеберліктерін шыңдайтынын айтып, жаттықтырушыларға өңір жастарын дайындап, таланттарды табуды тапсырды.
Салтанантты іс-шарада Словакияда 14 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің жеңімпазы және өзге де додалардың бас жүлдесін алып жүрген жас теннисші Заңғар Нұрланұлы жылы лебізін білдірді.
Ол Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында туып өскен. 4 жасынан бастап теннис ойнаған. Түркістандық өрен туған жеріндегі өзгерістерді бағалап, жаңа теннис кортында шеберлігін көрсетті.
Спорттағы ең алғашқы қадамымды 4 жасымда Түркістан өңірінде бастағанмын. Спортта ең бастысы – жауапкершілік. Тынымсыз шыңдалу, алдыңа мақсат қою арқылы ғана жеңіске жетуге болады. Күніне 4 сағат жаттығамын. Түркістанда екі жыл бұрын болғанмын. Қазір қала өзгеріп кетіпті. Туған жеріме келіп қуанып тұрмын, – деді Заңғар Нұрланұлы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, спорт орталығының жалпы жер аумағы – 2,5 га болса, нысанның жалпы аумағы – 5006 шаршы метр. Құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілді. Сыртқы фасад жұмыстары мен инженерлік желілері, әкімшілік ғимаратының 1,2 қабаттарында ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңы және автотұрағы бар.
Еліміздегі таңдаулы спорт нысандарының біріне айналған теннис орталығының ашылу Түркістанда үлкен теннисті дамытуға оң серпін береді делініп отыр.