Сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі әнші Әбдіжаппар Әлқожаның Қонаев қаласында ұсталғанын растады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 шілдеде полицейлер Toyota Camry көлігін тоқтатқан.
Тексеру барысында жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, көлік жүргізіп келе жатқаны анықталды. Көлікті айып тұрағына жеткізген кезде KIA Carnival көлігі келіп, оның ішінде отырған жолаушы М. полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, тәртіп бұзушыға хаттама толтыруға кедергі келтіре бастады. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу кезінде құқықбұзушы полиция қызметкерлеріне бағынбады, - делінген хабарда.
Ер адам медициналық тексерістен өткен, нәтижесінде оның «орташа» дәрежеде алкогольге мас екені анықталды.
Нәтижесінде көлік құралын басқару құқығынан айырылса да көлік жүргізген Toyota Camry жүргізушісі сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот шешімімен құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін KIA Carnival жолаушысы да 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - деп хабарлады облыстық ПД өкілдері.