Алматы облысының Түрген өзені маңында сел жүруі мүмкін

Қымбат Елтайқызы

Бұл аумақта 30 мыңнан астам адам тұрады

фото: ТЖМ

Түрген өзені бассейнінің мұздақ көлдерінде алдын алу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алматы облысында Түрген өзені бассейнінің мұздақ көлдерінде судың төгілуі мен селдің орын алу қаупін болдырмас үшін су деңгейін төмендету бойынша алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

Жақында ТЖ вице-министрі Батырбек Әбдішевтің үйлестіруімен ТЖМ Қазавиақұтқарудың екі тікұшағымен мұздақ көлдің маңында жабдықтарды тасымалдап түсіру жұмыстары жүзеге асырылды. Жұмыстарды «Қазселденқорғау» ММ басшылығы мен авариялық бригадасы жүргізді, – деп толықтырды ведомство.

Екі күн ішінде олар сифон төсеу арқылы еріген мұздық суын айдау жұмыстарын да жүргізді. Осылайша бүгін ұзындығы 300-ге жуық метр, өнімділігі секундына 110 литр болатын алғашқы сифон тізбегі іске қосылды.

Көлдердегі жұмыстар ауа райына байланысты жалғасады, шамамен биылғы 16 шілдеге дейін жалғасуы мүмкін. Айта кетейік, жүргізіліп жатқан жедел жұмыстар адамдардың өміріне және объектілердің қирауына қауіп төндіретін сел тасқынының пайда болу қаупін болдырмауға бағытталған. Дайындық жұмыстары Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Алматы облысының аумағында Түрген өзенінің бассейнінде күрделі сел жағдайы байқалады. Қауіп-қатер аймағында 30 мыңнан астам адам тұратын Тау-Түрген, Түрген, Қаракемер, Балтабай елді мекендері бар. Осыған байланысты мұздықтың және Түрген өзені бассейіні көлінің сел және гидрометеорологиялық жағдайына мониторинг ұйымдастырылды. «Қазселденқорғау» ММ бекеттері халықты уақтылы хабардар ету үшін тәулік бойы жұмыс істейді, – дейді ТЖМ.

Бұл аймаққа баруға уақытша шектеулер енгізілді. Жаяу туристерді, автокөлік иелерін, жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдарды құлақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін барлық мүмкін шара қабылданып жатыр. Сондықтан тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіздер, деп ескертті құтқарушылар.

Еске салсақ, жуырда Қырғызстанда жойқын сел жүріп, 4 қазақстандық бала қаза тапқан болатын.