Қаңтар оқиғасы кезіндегі 4 жасар қыздың өлімі: әскери қызметшіге тағы үкім шықты

Халық үні

Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған.

Фото: azattyq.org

ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану бойынша (ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1 - тармағымен) айыпталған  әскери қызметші Ж.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Бұған дейін кассациялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде апелляциялық сот алқасы үкімінің күшін жойып, екінші сатылы сотқа қайта қарау үшін жолдаған.

Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған.
 
Сотпен анықталғаны, 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында, сотталушы Ж., блок бекетінде бола тұра, оның қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген.

Нәтижесінде алған оқ жарақаты салдарынан жас бала (2017 ж.) қайтыс болып, ал, кәмелетке толмағанға (2006 ж.) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің  айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді.

ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.