Halyq Uni логотип
×

«Беймәлім әлемге еніп кетуші едім»: Айгүл Иманбаева бала күнінде айкезбе болғанын айтты

Өнер иесі ұйықтап жатқан жерінен тұрып, жүре беретін әдеті бала кезінен бар екенін айтады

 Халық үні 05.07.2024 | 21:46
«Беймәлім әлемге еніп кетуші едім»: Айгүл Иманбаева бала күнінде айкезбе болғанын айтты
Фото: Instagram/aigul_imanbayeva

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса Айгүл Иманбаева Instagram-дағы парақшасында бала күнінен бері тылсым дүниенің барына сенетінін айтты.

Өнер иесі ұйықтап жатқан жерінен тұрып, жүре беретін әдеті бала кезінен бар екенін айтады. 

«Мен – айкезбемін. Бала кезімнен бері келе жатқан дүние. Ауру ма, ерекшелік пе, оны білмедім. Менің әлі күнге дейін «лунатизмім» бар. Оны жасырмаймын. Бірақ бұрынғыдай жиі емес. Бала кезімде өте жиі болатын. Тұрып кетемін, жүріп кетемін, үйден есіктен шығып кетемін. Ұйықтап жатқанда беймәлім әлемге еніп кетуші едім. Ол қар ма, боран ба, күн ме, түн бе, бәрібір. Басымнан әртүрлі жағдай өтті. Бірақ менің өмірімде тылсым дүниемен байланысты сәттер өте көп. Бір оқиға есімде. «Ұят болмасын» бағдарламасында күйеуім болып ойнаған Жалғас, сосын Саят деген досымыз бар, Тараз жақтан келе жатырмыз. Түнде қатты ұйқы қысып, жолдың шетіне машинаны қойып, демалдық. Бір кезде құбыжық машинаның есігін келіп қағып тұр. Мен көліктің есігін ішке қарай тартып, жанталасып жатырмын. Ол фантастикалық кинолардағыдай, ішке басымен лып етіп кіріп кетті.  Сонымен арпалысқаным бар. Денемді көтере алмай, бастырылып қалдым. Сол кезде өте қорқынышты көрінді. Осындай тылсым дүние менің басымнан өте көп өтті», – деді актриса. 

Желі қолданушылары тылсым дүниенің бар екенін және оны қалай көретінін жарыса жазды. 

«Айтуға өте қорқынышты», «Бала күнімізде бәріміз де айкезбе болған шығармыз», «Ұйқы мен жүйке жүйесі дұрыс болмаса, адам айкезбе дертіне шалдығады екен», «Бала күнімде мен де тұрып жүре беретін едім. Анам ұйықтамай, мені күзетіп отыратын», «Намаз оқып, дұға жасайтын адам ондай кеселден айығатын көрінеді» деп жазып жатыр әншінің тыңдармандары. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама