Тағы 2 адам ауруханада жатыр
Бүгін Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында кәріз жүйесінде қызмет көрсету мен тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде кәріз газымен улану салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олардың екеуі – азаматтық тұлға және бірі – келісімшарт бойынша қызмет еткен әскери қызметші.
Ведомство өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, Шымкент аудандық пайдалану бөлімінің жұмысшысы абайсызда құдыққа құлап кеткен. Оған көмекке барған тағы екі жұмысшы мен екі әскери қызметкер де жоғары шыға алмаған. Салдарынан үш адам сол жерде қаза тапты. Тағы бір жұмысшы мен әскери қызметші Арыс қаласының ауруханасына жеткізілді. Қазір олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Олардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады, – делінген министрлік хабарламасында.
Аталған факті бойынша ҚР ІІМ ӘТБ Шымкент бөлімімен ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігі бойынша («Еңбекті қорғау ережелерін бұзу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.