Алматыда 6 мың ағаш кесіледі
Оның орнына 10 есе көп мөлшерде көшет отырғызылады
Алматыда 6 мың ағаш санитарлық мақсатта кесіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде осы бағыт бойынша жұмыстар қаланың барлық ауданында жүргізілген. Алатау ауданында 500, Әуезов ауданында 700, Алмалы ауданында 900, Бостандық ауданында 900, Медеу ауданында 100, Жетісу ауданында 300, Наурызбай ауданында 400 және Түрксіб ауданында 1400 ағаш санитарлық мақсатта кесілген. «Алматы Жазы» науқаны аясында 5 200 ағаш санитарлық мақсатта кесілді. Ауру және қураған ағаштардың басын пішіндеп кесу жұмыстарын күшейту дауыл, қатты жел мен нөсер кезінде бұтақтардың құлау мүмкіндігін азайтады.
Алматы қаласының жасыл желегін күтіп ұстау және қорғау ережесіне сәйкес, ағаштың пішініне, олардың жасына қарай өзгеруіне, кесуге төзімділігі сынды өсімдіктердің биологиялық ерекшелігін ескере отырып, барлық норманы сақтау арқылы санитарлық мақсатта кесіледі. Одан кейін ағаштың кесілген жері арнайы құралдармен өңделеді.
Науқан өткізу барысында қауіпті болып саналатын еңіс жерлерде өскен ауру және қураған ағаштарды кесу көзделген. Оның орнына 10 есе көп мөлшерде көшет отырғызылады.