Қорғаныс министрлігі цифрландырудың пилоттық жобасын әзірледі
Қорғаныс министрлігі ведомство басшы мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің «Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруді цифрландыру пилоттық жобасын ұйымдастыру туралы» бірлескен бұйрығының жобасын әзірледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оны қабылдау келісімшарт бойынша әскери қызметке рәсімдеу процесін автоматтандыру мәселесін шешуге, шығындарды азайтуға, рәсімдеу уақытын қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жұмысты бастау үшін келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген азамат интернет-браузер арқылы «Jauynger.gov.kz» сайтына кіруі қажет. Осы кезеңде тіркелу арқылы кандидаттың жеке кабинеті ашылады.
Цифрлық мәліметтерді пайдаланумен қатар, мемлекеттік дерекқормен интеграция болмаған жағдайда құжаттардың PDF форматындағы көшірмесін пайдалану мүмкін. МДҚ-мен интеграция іске қосылғаннан кейін PDF форматындағы құжаттар жойылып, МДҚ-дан алынған цифрлық мәліметтерге басымдық беріледі. Бос орындармен танысқаннан және белгілі бір лауазымды таңдағаннан кейін кандидат өтінімді, дербес деректерді өңдеуге келісім береді және электрондық-цифрлық қолтаңбасын қойып, Қорғаныс министрлігіне қарауға жібереді. Бұл ретте кандидаттар конкурстық негізде іріктеледі, – делінген құжат түсіндірмесінде.
Кандидат жіберген барлық өтінім бірыңғай орталыққа түседі және тиісті бөлімше басшысының панелінде көрсетіледі.
Бірлескен бұйрық жобасы «Ашық НҚА» сайтында биылғы 16 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға қойылған.