Елімізде инватакси қызметін пайдаланушылардың саны 80 мыңнан асты
Қазақстанның екі қаласы – Астана және Алматыда пилоттық жоба ретінде инватакси қызметі іске қосылған. Биыл жыл басынан бері аталған қызметті 80 мыңнан астам адам пайдаланған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жобасы былтыр басталған. Ведомство жобаға қатысуға ниетті такси агрегаторларын тарту үшін қызмет тетігіне өзгеріс енгізді. Бұл жеке тасымалдаушылардың келуіне ықпал етті. Алайда тасымалдаушыларға жолжүру ақысы үшін пайыздың болмауы туралы шарт қойылды.
Бұл бастаманы қолдағандар бар. Мәселен, Яндекс компаниясы жобаға ақысыз қатысу туралы ұсыныс айтқан. Енді ерекше қажеттілігі бар азаматтар Яндекс Go қосымшасы арқылы инватакси қызметін пайдалана алады. Қолданушы көлік таңдап, тапсырысты қадағалай алады. Сонымен қатар тапсырыс беретін кезде сапар кезіндегі ерекше қажеттілігі туралы ескерте алады. Инватакси қызметімен айналысатын жүргізушілер ерекше қажеттілігі бар адамдарды көлікке отырғызу, сапар кезінде көмек көрсету туралы арнайы нұсқаулықтан өтті.
Ведомство Астана мен Алматыда іске асырылып жатқан жобаның нәтижесін жоғары бағалап, алдағы уақытта оны республика көлемінде таратуды көздеп отыр.