Halyq Uni логотип
×

132 мың қазақстандық өзін құмар ойыннан шектеді

Бұл шектеу заңсыз интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселерге қолданылмайды

 Халық үні 04.07.2024 | 15:40
132 мың  қазақстандық өзін құмар ойыннан шектеді
Фото: bsmpgrodno.by

Қазақстанда өзін құмар ойындардан шектеу қызметін пайдаланушылардың саны артып келеді. Бұл туралы елдің Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«26 маусымда 130 мыңнан астам адам eGov mobile арқылы өзін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын шектеді. Онлайн қызмет іске қосылғанға дейін тізімде 3 мыңнан астам адам болған», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, биылғы жылдың 18 наурызынан бастап елімізде пилоттық режимде азаматтарды құмар ойындардан және бәс тігуден 6 айдан бір жылға дейінгі мерзімге өз бетінше шектеуге мүмкіндік беретін онлайн-қызмет жұмыс істейді. Аталған шектеу тек лицензиясы бар заңды ойын компанияларына қолданылады. Алайда шектеу қызметі заңсыз интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселерге қолданылмайды. Осыған орай ведомство қазақстандықтарды заңсыз ойын ресурстарына бармауға шақырды.

Еліміздегі интернет-казино және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру белгілері бар интернет-ресурстардың (оның ішінде әлеуметтік желілер беттерінің) тізбесін мына жерден көруге болады.

Сондай-ақ бұған дейін «Әділдік жолы» РҚБ-ның атқарушы директоры Дидар Смағұлов Қазақстанда шенеуніктердің казиноға баруына тыйым салу үшін петиция жариялаған болатын. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер бюджет қаржысын құмар ойынға жұмсаған жағдайлар болған. Мысалы Алматы облысының ондаған полицейі казинода іссапарға, жалақыға және сыйақыға деп жоспарланған миллиард теңгеге жуық қаржыны жұмсаған. Жамбыл облысының бір шенеунігі казинода шамамен 500 миллион теңге шашқан. Ақтөбеде мектеп бухгалтері бюджеттің 413 миллион теңгесін біртіндеп өз шотына аударып, құмар ойынға салған. Аталған петиция 10 күн ішінде 50 мың қол жинап, министрлікте бұл мәселені қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Көп ұзамай Туризм министрлігі  мемлекеттік, әскери қызметшілерге және құқық қорғау органдарына құмар ойындарға тыйым салуды енгізу туралы петиция бойынша шешім жобасы мақұлданғанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама