Елтаңбаны өзгерту мәселесі жақын арада қарастырылмайды
Аталмыш мәселені президент Ұлттық құрылтайда қозғаған болатын
Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Елтаңбасын өзгерту мәселесі жақын арада қарастырылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі vlast.kz-ке сілтеме жасап.
Елтаңбаны өзгерту мәселесі күн тәртібінен алынды, – делінген министрлік берген ресми жауапта.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елтаңбаны өзгерту мәселесін Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қозғаған болатын.
Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр, – деді Тоқаев.
Президент мұны орынды пайым деп атап, ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болатынын айтқан.