Қазақстанда сүттің бағасын төмендету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Өткен жылы сүт зауыттары 2,1 млн тонна сүтті өңдеген
Алдағы 3 жылда сүт өндіру көлемі екі есе артады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі «PRO Milk.24» сүт фермасы және өңдеу бойынша үшінші халықаралық форумда айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиынға 12 елден 500-ден астам сүт өндірушілер мен қайта өңдеушілер, сарапшылар бас қосты. Іс-шараға қатысушылар екі күн бойы сүт өнеркәсібінің Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де даму перспективаларын талқылайды.
Форумға қатысушыларды құттықтаған министр Айдарбек Сапаров мемлекет пен бизнестің өзара белсенді іс-қимылынсыз саланың табысты дамуы мүмкін еместігін атап өтті. Осы өзара іс-қимыл шеңберінде Қазақстан сүт секторын қолдау бойынша маңызды шаралар қабылдады.
Осы шаралардың бірі – саланы дамытуға қомақты қаржы бөлу. Мәселен, 2023 жылы сүт өндіру, жасанды ұрықтандыру кезіндегі ұрық және асыл тұқымды мал сатып алу құнын арзандатуды субсидиялауға 35 миллиард теңге бөлінді.
Министр мамандандырылған сүт-тауарлы фермалар өнім көлемінің прогрессивті өсуін көрсетіп отырғанын атап өтті. Соңғы 3 жылда МТФ-да сүт өндіру 20 пайызға дерлік артып, 600 мың тоннадан асты.
Жалпы, өткен жылы сүт зауыттары 2,1 млн тонна сүтті өңдеген. Кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылдан бастап 65 заманауи сүт-тауар фермасын салу үшін жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды.
Бұл мақсатқа 100 млрд теңге бағытталды. Салада мұндай жеңілдікті қаржыландыру көлемі бұрын-соңды болмаған. Алдағы 3 жылда осы бағдарлама бойынша 118 жоба іске асырылады. Бұл сүт өндірісінің көлемін екі есе ұлғайтуға және бұл көлемді 1,2 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Айдарбек Сапаров.
Министр сондай-ақ сүттің өзіндік құнын төмендету бойынша ведомство қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.
Өңдеуге кететін шикізат құнының 70 пайызына дейін жем шығыны құрайды. Олардың құнын төмендету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділікті арттыру, егіс алқаптарын әртараптандыру және суаруды дамыту бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Биыл алғаш рет егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікті несиелендіру көлемі 3 есе ұлғайып, 580 млрд теңге болды. Бұл 9 млн гектарды немесе егіс алқабының 38 пайызын қамтиды. Мал азықтық дақылдардың егіс көлемі 3,2 миллион гектарға дейін ұлғайтылды. Тек тауар өндірушілерге ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға да мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, қабылданды, – деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 жыл ішінде өңдеуді дамытуға бөлінетін 372 млрд теңгені бюджеттік комиссия алдында қорғады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға 222 миллиард теңге қарастырылған. Қабылданған шаралардың барлығы өңделген өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.