×

Президент «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін басты бағыттарды атады

«Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс

 Динара Амантай 04.07.2024 | 12:58
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.

ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады.

Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын іске асыру дәл осы мақсатпен ұсынылды.

Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды.

Қазақстан президентінің пікірінше, бүгін халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылданатын Өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға сай келеді.

Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екеніне назар аударды.

Әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастады. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді. Мәселен, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар. Арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Осы ретте ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді. Инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі айқындала түсті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Жобалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету механизмін құруды ұсынамыз. Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан қазірдің өзінде аталған алаңда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің компаниялары, – деді президент.

Мемлекет басшысы тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атады.

Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар саммит барысында Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев сөз сөйледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама