БҰҰ Бас хатшысы Димаш Құдайбергенмен кездесті
БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанға ШЫҰ саммитіне қатысу үшін келді
Бүгін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Халықаралық көші-қон ұйымының аймақтық ізгі ниет елшісі Димаш Құдайбергенмен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Антониу Гутерриш Димаштың өнері бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдарды тәнті етіп, оның дауысы адам құқықтарын қорғауда және жалпы сананы арттыруда қомақты үлес қосатынын атап өтті.
ХКҰ ізгі ниет елшілері бағдарламасының мақсаты - қауіпсіз, тәртіпті және тұрақты көші-қонның маңыздылығына баса назар аудара отырып, көші-қонға қатысты мәселелерді көрсету үшін танымал және құрметті мәдениет, өнер және спорт қайраткерлерін тарту.
Еске салсақ, биыл қазақстандық музыкант, әнші және композитор Димаш Құдайберген Халықаралық көші-қон ұйымының аймақтық ізгі ниетті елшісі болып тағайындалған еді.
«Мен Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретінде мигранттардың құқықтарын қорғауды мақтан тұтамын. Әрбір адамның құқығы мен мүмкіндіктері үшін аспаны ашық бейбіт әлемді бірге құрайық», - деді музыкант.