Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды.
Астанада өтіп жатқан саммитте Беларусь Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) толыққанды мүшесі атанды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде ШЫҰ беделді ұйымға айналғанын атап өтті.
Шанхай рухын нығайтып, Шанхай принциптерін ілгерілету арқылы біз ШЫҰ-ны ең беделді халықаралық құрылымның біріне айналдырдық. Біздің ұйымның бірегейлігі мен орасан зор әлеуетінің арқасында әлемде оған деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі болғанын мәлімдеді.
Бүгін Астанадағы саммитте ұйымымызды одан әрі кеңейту туралы маңызды шешім қабылданады. Осыған байланысты Беларусь президенті Александр Григорьевич Лукашенкоға қош келдің демекпін. Беларусь Шанхай Ынтымақтастық ұйымына толық мүшесі атану үшін қажет рәсімдерді орындады. Егер қарсылық болмаса, отырысты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құрамына Беларусьтің қабылданғаны туралы құжаттарға қол қою рәсімінен бастауды сұраймын, – деді президент.
Қол қою рәсімінен соң Тоқаев Беларусь басшысын ШЫҰ-ға толыққанды мүше болуымен құттықтады.
Бұған дейін Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталғаны хабарланған еді.