×

Украинада «атышулы» бурят-мерген ажал құшты

Андановтың қазасын Ресейдің «Боевое братство» ұйымы да растады

 Дастан Жұмабекұлы 07.06.2022 | 09:49
фото: apostrophe.ua

Украинада «Вагнер» құрылымындағы буряттың «атышулы» мергені Владимир Андановтың көзі жойылды. Бұл туралы УНИАН хабарлады.

Ресейде құралайды көзден ататын мерген ретінде «аты аңызға айналған» Анданов украин жерінде оққа ұшты. Агенттіктің хабарлауынша, оны жер жағдайына барлау жасап жүрген кезінде украин мергені атып өлтірген.

Анданов «Ваха» деген лақап атымен де танымал болған. Оның ажал құшқаны жайлы Бурятиядағы Telegram-арналар мен басқа да әлеуметтік желілер жазып жатыр.

«Ваханың» аты-жөні жұртшылыққа 2014 жылдан бері белгілі. Сол жылы ол Донбасс жеріне ресейлік ерікті ретінде ақшаға жалданып барып, Дебальцево үшін болған шайқасқа қатысқан. Ол Логвинода тұтқынға түскен украин әскерилерін атып тастап отырған деген дерек бар. Осыдан кейін Андановтың аты-жөні ресейлік әскерилердің барлық қылмыстары тізіп жазылатын «Миротворец» мәліметттер базасына енгізілген.

Анданов Донбаста бейбіт тұрғындарды аяған жоқ. Одан кейін Сирияға барып, соғысқа қатысты. Сол жақтан «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының жалдамалы содыры болып қайтты.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Ваханың» соңғы демі Харьковтің түбінде көкке ұшқан. «Атышулы» Андановтың өлгенін Ресейдің «Боевое братство» ұйымы да растап отыр.

Бөлімше бастығы жендеттің мүрдесі туған жеріне енді жеткізілетінін айтты.

Владимир Анданов Бурятияда 1978 жылы туған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама