Halyq Uni логотип
×

Халықтың киберсауатын арттыру үшін тегін портал іске қосылды

Курс нәтижелері бойынша тыңдаушылар сертификат алады

 Динара Амантай 03.07.2024 | 18:00
Халықтың киберсауатын арттыру үшін тегін портал іске қосылды
Фото: Halyq Uni

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық MSSP.Global компаниясымен бірлесе отырып, халық үшін citizensec.kz тегін порталын іске қосты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 80% жағдайда іске асқан кибершабуылдар ұйым қызметкерлерінің немқұрайлылығынан және азаматтардың цифрлық қызметтерді пайдалану кезінде киберқауіпсіздіктің негізгі қағидаттары туралы білімінің жеткіліксіздігінен туындайды.

Citizensec.kz порталы интернеттегі қауіпсіздік, оның ішінде құпия сөз саясаты, фишинг, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, жеке деректерді және электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғау және тағы басқалар туралы баяндалатын қысқа роликтер арқылы халықтың кибергигиенасын арттыруға бағытталған. Курс нәтижелері бойынша тыңдаушылар жетістік сертификатын алады.

Сонымен қатар, осы порталда ағымдағы қауіпсіздік шараларын талдауды, олардың тиімділігін бағалауды және ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес жаңа шешімдерді енгізуді қоса алғанда, қауіпсіз цифрлық ортаны құруға бағытталған ақпараттық қауіпсіздік әдістемесі бар.

Кибергигиена мәселелері бойынша халықтың сауатын арттыру – 2023 - 2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасының міндеттерінің бірі.

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға арналған оқыту іс-шараларын тұрақты түрде өткізеді, сондай-ақ халыққа киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Бүгінде киберқауіпсіздік мәселелері бойынша халықтың хабардар болу деңгейі – 80,4%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама