×

Қазақстанда 30-дан астам ауру түріне тегін дәрі беру тоқтатылуы мүмкін

Министр бұйрығының жобасы жария талқыға шығарылды

 Ербол Тұрымбет 03.07.2024 | 17:20
Фото: canva.com

Елімізде бірқатар ауру түріне қатысты тегін дәрі-дәрмек пен арнайы емдік өнімдер қысқартылады. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен олар тізімнен алынып тасталады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Оның жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.  Бұйрық жобасының мәтіні бойынша, тегін медициналық көмектен асқазан мен 12 елі ішектің ойық жарасы ауруы бойынша дәрілік заттар тізімнен алынып тасталады.

Сонымен қатар, белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесінен мына аурулар санаты алынып тасталады. Атап айтқанда ауруханадан тыс пневмония, гастроэзофагальді рефлюкс ауруы, бассүйек нервілерінің зақымданулары, жедел/созылмалы синусит, жедел/созылмалы іріңді отит, жедел/созылмалы кератит бар. Сондай-ақ жедел/созылмалы блефарит / конъюнктивит / иридоциклит, эритема көп пішінді, қуықасты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, эндометриоз және несеп-жыныс жүйесінің созылмалы инфекциялары ауруын емдеуге арналған дәрілер бар.

Одан бөлек, 18 жасқа дейінгі балалар үшін амбулаториялық деңгейде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және арнайы емдік өнімдерден 19 пункт алынады. Олардың ішінде бадамшалар мен аденоидтардың синуситі/ аурулары, гастроэзофагеальды рефлюкс ауруы, гастрит және дуоденит, созылмалы панкреатит, холецистит/холангит, өт-тас ауруы мен жел шешек бар. Бұған қоса, бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар тізбесінен 38 пунктті алып тастау қарастырылып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама