Биыл нысанды жөндеу үшін мемлекеттік сараптама жүргізіледі
Семей қаласында аспалы көпірді жөндеу мәселесі талқыланды, деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өңірдегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көпірді жобалауға қатысты техникалық тапсырма әзірленіп, конкурстық рәсімдердің өткізілгенін хабарлады.
Жобалаушы – «Қазақ Промтранспроект» компаниясы. Ол аспалы кабельдерге эластомерлік ораманы қолдану, көпірді қорғау үшін құрғату жүйесін орнату, су өткізбейтін және асфальт жабындарын толық ауыстыру, жарықшақтарды жөндеу, жабындарды ауыстыру мен көпір құрылымының жай-күйін бақылау жүйесін орнату сынды жұмыстарды жүргізеді.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев аспалы көпірді жөндеуге ерекше назар аударылатынын айтты.
Қала көшелері мен аспалы көпірге қатысты сұрақта бірінші кезекте жергілікті атқарушы билік пен құрылысына қатысты компания өкілдерімен кездесіп, шаруаны талқылаудан өткізу керек, - деді өңір басшысы.
Айта кетейік, қаладағы аспалы көпірді жөндеу үшін мемлекеттік сараптама қорытындысын алу биыл 3-4 тоқсанға жоспарланып отыр. Содан кейін қалалық әкімдік жобаны қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім береді.
Еске салсақ, аталған көпірдің құрылысы 1998 жылы басталып, нысан 2000 жылы 16 қазанда ашылып, іске қосылған болатын. Ол әлемдегі 17, ал ТМД-дағы бірінші аспалы көпір болды. Көпірдің негізгі жабдықтары 67 мың қашықтағы Жапония елінен су және құрылық жолдары арқылы жеткізілді.