Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың ортақ ұстанымдары туралы айтты
Бүгін қос ел арасында жасалған келісімдер халқымызың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді
Қазақстан мен Қытай әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу керек деген ортақ ұстанымды ұстанады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Біз төраға Си Цзиньпин мырзамен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажетін атап өттік. Екі елдің серіктестігі, Біріккен ұлттық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр. Сонымен қатар біз Орталық Азия – Қытай диалогын одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Сондай-ақ президент бүгінгі келіссөз нәтижесін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашан да жоғары. Осылайша, біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. Алтын 30 жылдық аясында биік мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Қазақта «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген тәмсіл бар. Қытай халқында да дәл осындай сөз бар. Екі елдің тарихи достығы, тату көршілікке негізделген ынтықмақтастығы, жарқын болашақ жолындағы қадамдары баянды болсын, - деп сөзін түйіндеді мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, алғыс айтқан болатын.