Қазақстан нарыққа кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын – Тоқаев
ҚХР-дан елімізге 25 млрд доллар инвестиция құйылған
Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қарым-қатынасы өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр.
Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуіміз жаңа ғана бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі елдің қарым-қатынасының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары қос ел арасындағы сауда байланысы нығайғанын жеткізді.
Былтыр елдеріміздің арасындағы сауда көлемі 41 млрд доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторларымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. Былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16%-ға өсіп, 1,8 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі, - деді президент.
Қазір елімізде құны 14,5 млрд доллар болатын 45 жоба іске асып жатыр әрі Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4 700-ден асқан. Сондықтан Қазақстан жұмыс істеуге ниеті бар Қытай компанияларына жағдай жасауға дайын.
Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан ары жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және ІТ салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, алғыс айтқан болатын.