Отандастарымыз сырт алаңда Словакияны 1:0 есебімен ұтты
Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының екінші турында сырт алаңда Словакия командасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің алдында алаң иелерінің жеңіске жетуге мүмкіндіктері көп деген болжам жасалған еді. Алайда, Қазақстан құрамасы матч басталысымен оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін көрсетіп, қорғаныста ойнамай, қарсыластарының қақпасына қауіпті жағдай жасап отырды. Солардың бірінде ойынның 26-минутында Аслан Дарабаев доп соғып, жалғыз голдың авторы атанды.
Екінші таймда словактар есепті теңестіруге тырысты. Олардың ойынды тең аяқтауға да мүмкіндіктері болды. Алайда, таблодағы есеп матчтың соңына дейін өзгермей, кездесу Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді.
Қазақстан құрамасында Игорь Шацкий, Тимур Досмағамбетов, Нұралы Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Михаил Габышев, Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев, Эльхан Астанов, Рамазан Оразов, Абат Айымбетов өнер көрсетті.
Сөйтіп, Қазақстан екі жеңістен кейін «С» лигасының үшінші тобында 6 ұпаймен көш бастады. Одан кейінгі орында 3 ұпаймен Словакия тұр. Словактар бірінші турда Беларусьті сырт алаңда 1:0 есебімен жеңген болатын. Үшінші және төртінші орынды Беларусь пен Әзербайжан бөлісіп отыр. Олардың бір-бірден ұпайы жоқ.
Бүгін түнде екеуі де бір-бірімен кездесіп, 0:0 есебімен тең тарқасты. Енді Қазақстан құрамасы келесі ойынын 10 маусымда сырт алаңда Беларусьқа қарсы өткізсе, одан кейін 13 маусымда өз алаңында Словакиямен кездеседі.