Олардың кейбірі елімізде жұмыс істеп бастады
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар егіс алқаптарын суару және суармалы суды тасымалдау кезінде су шығынын азайту үшін тәжірибе және технологиялар алмасу мәселесін талқылаған.
Атап айтқанда, ирандық компаниялар Қазақстанға жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін, сондай-ақ суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суарудың автоматты қондырғыларын ұсынуға дайын. Осы технологиялардың нәтижесінде Иран күріш өсіруге жұмсалатын су шығынын едәуір азайтып, өнімділікті арттырған.
Бүгінде біз су қоймалары мен басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Иран компанияларының осы бағытта үлкен тәжірибесі бар. Олар тиімді технологияларды дамытып жатыр. Олардың кейбірі елімізде жұмыс істеп бастады. Атап айтқанда, Жамбыл және Түркістан облыстарында ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сондықтан ирандық кәсіпкерлерді су инфрақұрылымын салу мен жөндеуге арналған конкурстарға қатысу үшін елімізге шақырғым келеді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.