Halyq Uni логотип
×

Caspi Bitum зауытының қуаты жылына 750 мың тоннаға дейін артады

Премьер-министр қытайлық корпорация басшысымен кездесті

 Динара Амантай 02.07.2024 | 13:10
Caspi Bitum зауытының қуаты жылына 750 мың тоннаға дейін артады
Фото: caspibitum.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов CITIC Group директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесуде қазақ-қытай бірлескен жобаларын іске асыру және энергетика мен өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір қытайлық компанияның қатысуымен республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау бойынша ірі инфрақұрылым жобалары іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 1 131 шақырым болатын «Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» трассаларының 24 учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде «Талдықорған – Өскемен» автожолында 768 шақырымның 748 шақырымында төменгі жабын қабаты бойынша қозғалыс ашылды. Жол жабынының жоғарғы қабаты бойынша жүргізілуге тиіс жұмыстың 48%-ы қалды. «Қарағанды – Балқаш» трассасы бойынша барлық 363 шақырым бойы жабынның төменгі қабаты бойынша қозғалыс ашық. Жол жабынының жоғарғы қабаты бойынша жасалатын жұмыстың 49% қалды.

Сонымен қатар жол инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту жөніндегі амбициялық мақсаттарды ескере отырып, тараптар CASPI BITUM БК ЖШС зауытының қуатын жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайту жобасын іске асыру барысын қарады. Аталған жобаны іске асыру құрылыс маусымы қызатын кезеңде битумға деген қажеттілікті жабады.

Мәселені талқылау барысында кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы, таза энергетика, қоршаған ортаны қорғау және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін атап өтті.

Анықтама үшін, «CITIC Group» корпорациясы 1979 жылы құрылған. CITIC Group Қазақстанда энергетика, химия өнеркәсібі, қаржы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы жобаларды іске асырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама