Қазақстан онлайн саудада транзиттік аймаққа айналуға ниетті
Елдегі электрондық сауда нарығы жыл сайын 20%-ға өсіп отыр
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі электронды сауда тарату орталықтарының бірі ашылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен YTO Express Co. басқарма төрағасы және негізін қалаушы Ю Вэйцзямен кездесу барысында белгілі болды.
Министрліктің мәліметінше, бұл орталық тауарларды жедел өңдеуді және олардың ЕО, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Арман Шаққалиев Қазақстандағы электрондық сауда нарығы жыл сайын 20%-ға өсіп, қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қытайдың электронды сауда нарығы өзінің ауқымымен таң қалдырады. Онда сатылымдардың 70%-дан астамы онлайн іске асырылады. Қазақстан өзінің тиімді географиялық орналасуымен халықаралық электронды сауданың негізгі транзиттік аймағына айналуға ұмтылады. Қазпоштамен бірлескен Қазақстанда тарату орталығын құру жобасы трансшекаралық сауданы дамытуға жаңа серпін береді, – деді Арман Шаққалиев.
YTO Express Co. басқарма төрағасы Ю Вэйцзя бұл жобаның бүкіл өңірді қамтитын Орталық Азиядағы жалғыз жоба екенін атап өтті. Компания бірқатар елде тағы 5 тарату орталығын салуды жоспарлап отыр.
Өткен жылы біз Алматы әкімдігімен белсенді ынтымақтастықты бастадық. Бұл – екі ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретін ұзақ мерзімді жоба. Ынтымақтастық негізі үшін Қытайда Шанхай, Нанкин және Ухань қалаларында 3 бондтық қойма аштық. Бұл жоба – бүкіл аймақты қамтитын Орталық Азиядағы жалғыз жоба. Осы тарату орталығынан басқа, біз АҚШ, Бразилия, Тайланд, Будапешт және Дубайда тағы 5 орталық салуды жоспарлап отырмыз, – деді Ю Вэйцзя.
Қытай тарапы жобаны жақын арада іске асыруды көздеп отыр. Арман Шаққалиев Қазақстанның жоба аясында белсенді жұмысты бастауға дайын екенін айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қоюға келісті.