Halyq Uni логотип
×

Бірқатар қалада террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізіледі

ҰҚК тұрғындарға ескерту жасады

 Динара Амантай 01.07.2024 | 17:17
Бірқатар қалада террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізіледі
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетауда террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Астанада шілденің 2-5 аралығында бірқатар маңызды халықаралық іс-шара, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі мен Қытай Халық Республикасы төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді. Осыған орай әлемдік тәжірибеге сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар елге келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды.

«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес, күзетілетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді, – делінген ҰҚК хабарламасында.

Құқықтық режим 2 шілде сағат 00:01-ден бастап 4 шілде 23:59-ға дейінгі аралықта Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін адамдардың жүру бағыттарына орнатылады. Аталған адамдардың Ақмола, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы аумағына келген жағдайда, олар келетін мерзімге және болатын орындарына терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі орнатылатын болады. Ол жерлерге адамдардың және автокөліктердің қозғалысына шектеу шаралары енгізіледі. Ал күзетілетін адамдардың жүру бағыты бойынша арнайы трассаларда қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтатылады. Тиісті бағдарлардағы өзгертулер туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлайды.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Жарлығымен бекітілген «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуін ескере отырып, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу объектілерінде 2 шілде сағат 00:01-ден бастап 4 шілде сағат 23:59-ға дейін террористік қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі белгіленеді, – делінген хабарламада.

Сары деңгей уәкілетті мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық, әкімшілік және жедел іс-шаралар кешенін өткізуді көздейді, атап айтқанда:

  • жекелеген аумақтарда көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалыстарына шектеу енгізеді;
  • кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрополитен объектілерінде, бұқаралық және жаппай іс-шаралар өтетін орындарда патрульдерді күшейтеді;
  • жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерге және адамдар көп жиналатын орындарға, бұқаралық және жаппай іс-шараларға қатысушылардың қозғалысының негізгі бағдарларына тексеру жүргізеді;
  • әуежайларда, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда жете тексеру іс-шараларын өткізу барысында арнайы техника құралдарын пайдалану арқылы режимдік шараларды күшейтеді.

ҰҚК арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысына түсінікпен қарауды және қызметкерлердің заңды талаптарын сақтауды сұрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама