Алматы әкімдігі мен ҰҚК қызметкерлерінің қатысы бар: бір жылдан бері іздеуде жүрген адам ұсталды

Динара Амантай
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен 2023 жылдан бері іздеуде жүрген азамат ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ол бұрын сот үкімімен тәркіленген 3 үй мен 2 пәтерді жымқырды деген күдікке ілінген. Алаяқтық Алматы қаласы әкімдігі мен ҰҚКД лауазымды қызметкерлерінің қатысуымен жасалған. Олар қарамағындағы адамдарға сауда-саттықты жүргізбестен, жылжымайтын мүлікті төмен бағамен сатқан.

Биыл 14 маусымда аталған азамат Бішкекте ұсталғаннан кейін, Қырғыз Республикасы ІІМ қызметкерлеріне жеңілдетілген тәртіппен өз еркімен еліне оралуға дайын екендігін хабарлаған. Сол күні Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сүйемелдеуімен ол Қырғыз Республикасының шекарасынан өтіп, Алматыға жеткізілді.

Қазір күдіктінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.