Сараптама педофильге химиялық кастрация жасау үшін де керек
Қазақстанда сексуалдық сипаттағы қылмыстың көбеюіне байланысты сексологиялық сараптама енгізіледі. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Елімізде сот-сараптамасының «Сот-сексологиялық сараптама» деген жаңа түрі енгізіледі. Халықаралық тәжірибені талдай келе соңғы кездері сексуалдық сипаттағы қылмыстар санының артуына байланысты Әділет министрлігі зерттеудің жаңа түрі «Сот-сексологиялық сараптаманы» енгізу жұмысын бастады, - деді Талғат Уәли Астанада өткен брифингте.
Ресми өкіл жаңа сараптама не үшін керек екенін түсіндірді.
Қарапайым тілде түсіндірейін. Сараптама тексерілушінің жыныстық, психосексуалдық дамуда қандай да бір ауытқуы бар немесе жоғы, ауытқулар байқалса, ол нені білдіреді, педофилдерді анықтау, тексерілушіге химиялық кастрация қажет пе жоқ па деген сұрақтарға жауап береді. Жобаны іске асыру үшін Астана қаласының Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығының 3 сот сарапшысы Беларусьте оқудан өтті, - деді ол.
Қазір «Сот-сексологиялық сараптама» түрі бойынша әдістеме әзірленіп жатыр.