Су тасқыны кезінде Жайық өзені арқылы 7,4 млрд текше метр су жіберілген
Каспий теңізінің Атырау облысы аумағында су деңгейі 119 сантиметрге көтерілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бұған сәуір-мамырдағы Жайық өзені арқылы тасқын судың мол келуі, сондай-ақ ведомство мен жергілікті әкімдік бірлесіп салған қосымша арналар тиімді әсер еткен.
Су тасқыны кезінде Каспий теңізіне Жайық өзені арқылы шамамен 7,4 млрд текше метр су жіберілді. Тасқын суын теңізге өткізу үшін Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы қосымша каналдарды пайдаланған. Ол арналар арқылы Каспийге 350 млн текше метр су келген.
Тасқын су тек су қоймаларына жиналып қана қоймай, 12,4 миллиард текше метр су тоғандарға, лиман мен табиғи шабындықтарға жіберілді. Су тасқыны басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр су жіберілді. Сонымен қатар Солтүстік Аралға су жіберу жұмысы жалғасып жатыр. Жыл басынан теңізге 1,1 млрд текше метрден астам су келді, – деп хабарлады Су ресурстары вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Аралдың су көлемі ұлғайғаны хабарланды.