Әйелін ұрды деп айыпталған дипломатқа сот шешімі шықты
Сәкен Мамаш 15 тәулікке қамалды
Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің экс-кеңесшісі Сәкен Мамаш әйелін ұрғаны үшін 15 тәулікке қамалды, деп хабарлады Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісіне қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша істі қарады. Істің мән-жайы бойынша ол жанжал барысында жұбайына қатысты физикалық күш қолданған, - деді соттағылар.
Істі сот ӘҚБтК санкциясы шеңберінде қарады.
Сот отырысы барысында М. және оның адвокаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспей, оның кінәсі іс материалдары арқылы дәлелденбегенін көрсетті. Сондай-ақ құқық бұзушылық жасалған орын елдің юрисдикциясына жатпайтынын, одан бөлек М.-ның әрекеттері қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде жеке тергеу жүргізіліп жатқан өзінің және жұбайының арасындағы отбасылық-тұрмыстық іс-әрекеттерге жататынын көрсетті, - деді тиісті орган өкілдері.
Бұл ретте ӘҚБтК-нің 73-1-бабының санкциясы ескерту түріндегі жазаны немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды көздейді. Сот қаулысына сәйкес, елшінің кеңесшісі ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.