Олар тауға жылқы іздеуге шыққан
Полиция тауда жоғалып кеткен 16 жасар 2 жасөспірімді аман-есен тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Түркістан облысы Созақ ауданының полициясына 26 маусымда таңертең 11 бас жылқы мен 7 бас құлынын түгендеу үшін тауға шығып, қайта оралмаған екі кәмелетке толмағандар туралы хабарлама келіп түсті.
Жасөспірімдер мотоциклмен жылқыларды іздеу үшін таулы аймаққа бет алған. Олардың кеткеніне біршама уақыт болғаннан кейін, туыстары полициядан көмек сұраған.
Кәмелетке толмағандарды іздеуге аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы, құтқарушылар, 30 астам еріктілер, қызметтік иттер, сондай-ақ, дрондар мен тікұшақ жұмылдырылды.
Кейін белгілі болғандай, жасөспірімдер тауда адасып, 30-35 шақырым алыстап кеткен. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде полиция балаларды тікұшақтың көмегімен тауып алды.