Елордада кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан басқарма басшылары айыппұл арқалады
«Бизнеске жол» жобасы аясында 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды
«Бизнеске жол» жобасы аясында 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, «Бизнеске жол» жобасы іске қосылған сәттен бастап 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 768 проблемалық кейс шешілген. Жыл басынан бері 7 мыңнан астам кәсіпкер 83 кейс бойынша жоба аясында көмек алды.
Мәселен, Түркістан облысында фермерлер үшін суармалы судың бағасын көтерген делдалдық фирмалардың қызметі тоқтатылды. Енді су жеткізуші («Қазсушар» ШЖҚ РМК) шаруашылықтармен тікелей шарттар жасасады. Бұл бағаны 2 есе (1 мың текше метр үшін 766 теңгеден 421 теңгеге дейін) төмендетті.
Жетісу облысында ақшаның болмауы себебінен шарттарды ұзартпаған 275 мектеп тамақтандырушысының құқығы қорғалды. Әкімдік бөлінген қаражатты басқа бағытқа аударған. Салдарынан кәсіпкерлер 2 ай ішінде балаларды өз есебінен тамақтандыруға мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша қаржыландыру қалпына келтіріліп, шарттар ұзартылды.
Жоба аясында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер үшін сот шешімі немесе қадағалау органының оларды заңсыз деп тану туралы актісі шығарылған жағдайда туындайтын әкімшілік жауапкершілік көзделген.
2023 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 14 адамды жауапкершілікке тартты. Оның 7-еуі заңсыз іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарды атқарған. Мысалы, елордада кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін мемлекеттік кірістер басқармаларының екі басшысы айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген Антикор хабарламасында.