Енді 21 жасқа толмаған қазақстандықтар құмар ойындар ойнай алмайды
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда талқыланып, мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген-ді. Депутат Әсем Рахметова құжат аясында 7 кодекске және 14 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді.
Біріншіден, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізімін нақтылау бойынша тиісті нормалар енгізілді. Бұл тұрғыда 21 жасқа толмаған азаматтар, құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға өзіне шектеу қойғандар, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелері орындалмаған әрі борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдар, сондай-ақ құмар ойындарға қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған адамдар ескерілді, - деді сенатор.
Екіншіден, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленіп, консультациялық медициналық бақылау енгізілген.
Үшіншіден, ұялы байланыс операторларына электронды казино, интернет-казино, құмар ойындар, бәс тігу жарнамасы бар мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салу қарастырылған.
Сонымен қатар заңда лотерея билеттерін тек лотерея операторы және агенті арқылы тарату жөніндегі талаптар бар.
Әсем Рахметова енді букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салынатынын атап өтті.
Лотерея билеттерін тарату, өткізу орындары нақтыланды. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға әрі терминалдарын орнатуға тыйым салынған. Ғимараттарда, көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино және анықтамалық қызмет көрсетудегі сыртқы жарнамада букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған. Қазақстанның аумағында лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстары қызметіне тыйым салынған, - деді депутат.
Сонымен қатар құжатта букмекерлердің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету ескерілген.
Сондай-ақ сенатор 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынатынын айтты.
«21 жасқа толмаған адамдарға тікелей немесе сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, механикалық құрылғылар арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу көзделген. Мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі орталық уәкілетті органға беру ескерілген. Ал «Қазақстанның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңында ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр», - деді Әсем Рахметова.