Halyq Uni логотип
×

«Күміс жас» жобасы аясында 15 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет

 Динара Амантай 27.06.2024 | 09:25
«Күміс жас» жобасы аясында 15 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты
Фото: Halyq Uni

2024 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша «Күміс жас» жобасы бойынша 15,6 мың адам жұмысқа орналасты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл осы бағыт бойынша барлығы 19 060 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны мына облыстарда байқалады:

  • Түркістан – 2,3 мың адам;
  • Жамбыл – 1,5 мың адам;
  • Қарағанды – 1,1 мың адам;
  • Алматы – 1,1 мың адам.

Жобаға қатысушылар арасында әйелдердің үлесі – 54,8% немесе 8,6 мың адам, ауыл тұрғындарының үлесі – 9,3 мың адам немесе 59,8%.

Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар зейнет жасына толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнет жасына толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жастағы адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 136,2 мың теңгені қамтыды. Ең жоғары көрсеткіштерді Шығыс Қазақстан (200,3 мың теңге), Қызылорда (180 мың теңге) облыстары мен Астана қаласы (177,7 мың теңге) көрсетсе, ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысы (100 мың теңге) мен Алматы қаласына (98,8 мың теңгеден) тиесілі.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба аясында жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен іске асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) қамтиды.

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы «Күміс жас» жобасы бойынша 869 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама