Германияда көз жұмған экс-судьяның денесі елге жеткізіледі
Германияда зорлық белгілері бар қазақстандықтың мәйіті табылған еді
Айгүл Сайлыбаеваның денесі Қазақстанға жөнелтуге дайындалуда. Бұл туралы Kazinform-ның Еуроодақтағы меншікті тілшісіне марқұмның ағасы Жанат Сайлыбаев айтты.
Ол қазір Германияда жүргенін және Айгүл Сайлыбаеваны туған елінде жерлеу үшін денесін Алматыға жөнелту мәселесімен айналысып жатқанын айтты.
Еске сала кетсек, Германияда экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның зорлық белгілері бар мәйіті табылған еді.
Бұған дейін 40 жастағы А.Сайлыбаева Астананың Сарыарқа ауданында судья болып қызмет атқарса, соңғы уақытта Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.
4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарған. Содан бері оны ешкім көрмеген. Кейін оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды.
Немістің BILD басылымының хабарлауынша, әйелдің мәйіті полиэтилен қапта болған, ол өлім алдында зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Тергеуге Гессен федералды штатынан 35 тергеуші қатысуда.