Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында +40+43°С аптап ыстық сақталады
Қазгидромет 27-29 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қазақстан аумағының басым бөлігіне ауқымды циклон әсер етеді. Соның салдарынан батыс және солтүстік-батыс облыстарда найзағаймен бірге қатты жаңбыр, бұршақ жауып, екпінді жел соғады.
27 маусымда оңтүстік-батыста, 27-29 маусымда солтүстік-батыста, 28-29 маусымда республиканың батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр жауады. Еліміздің шығысы мен солтүстік-шығысында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады деп болжанып отыр.
27 маусымда республиканың солтүстік-батысында, 28-29 маусымда оңтүстігінде, 29 маусымда солтүстік бөлігі мен орталықта аптап ыстық төмендейді. Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында +40+43°С аптап ыстық сақталады», - деп жазды «Қазгидромет».