Ауыл әкімдігінің есепшісі сотталды
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының сотында 4 млн теңгеден аса қаржы жымқырған ауыл әкімдігінің есепшісі сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, сотталушы ауылдық округ әкімдігінің бас маманы бола отырып, өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 2021 жылғы қаңтар мен 2024 жылғы наурыз аралығында ММ қызметкерлеріне жалақы есептеу бойынша есептік ведомостарын ай сайын жасап отырған. Бұл ретте ол өзіне тағайындалған жалақыны негізсіз көбейтіп отырған. Есепші 4 млн 700 мың теңгені жалақы есебінде өзінің карточкалық шотына негізсіз аударып, өз қалауы бойынша жұмсап отырған.
Осылайша сотталуыш өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мекеменің қаражаттын иемденіп, ірі мөлшерде материалдық шығын келтірді.
Айыпталушы өз кінәсін мойындап, залалды толығымен төледі. Жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындау, шын жүректен өкіну, жас балалардың болуы, мүліктік залалды өз еркімен өтеуін қарастырды.
М.-ға мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. М.-ның екі жас баласы бар екенін ескере отырып, сот ҚК 74-бабы 1-бөлігі негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жазаны орындау 3 жылға кешіктірді, –делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.