Halyq Uni логотип
×

Байланыс операторлары: айыппұл көбейді, бірақ мемлекет тариф бағасын реттемейді

Министр ұялы байланыс тарифінің бағасы реттелмейтінін мәлімдеді

 Дәурен Ерболат 26.06.2024 | 12:42
Байланыс операторлары: айыппұл көбейді, бірақ мемлекет тариф бағасын реттемейді
көрнекі фото: Halyq Uni

Мемлекет Қазақстандағы ұялы байланыс тарифінің бағасын реттемейді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Максим Рожин интернет тарифі қымбаттап бара жатқанын айттып, министрге сұрақ қойды.

«Сұрағым еліміздегі ұялы байланыс және интернет тарифтерінің құнына қатысты. Соңғы 2 жылда (тарифтердің бағасы) 2 есе өсті. Жалпы, әлемде интернеттің 1 гигабайттың бағасы төмендеп жатыр. Бірақ еліміздегі инфляцияны ескерсек, тариф құны өсуде. Ұялы байланыс нарығына, оның бәсекеге қабілеттілігіне қатысты сын айтылып жатыр. Бірақ екі монополистің ұсынған қызметіне қатысты елдің сыны көп. Осыған қатысты екі сұрағым бар.

Біріншіден, ұялы байланыс қызметі қоғамдық маңызы бар нарықтар тізбесіне қашан енеді?

Екіншіден, тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін мемлекеттік реттеу объектісі қашан жұмыс істейді?», - деді депутат.

Жаслан Мәдиев мемлекет ұялы байланыс тарифін реттемейтінін жеткізді.

«Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бері байланыс операторлары көрсететін қызметтің бағасы реттелмейді. Байланыс операторлары шығындарды ала отырып, тарифтерді дербес белгілейді. Байланыс операторлары баға келісімін немесе бағаны негізсіз көтерген жағдайда бәсекелестікті қорғау агенттігінің құзыретіне жатады.

Енді біз министрлік ретінде бағаны реттеу қажетсіз деп санаймыз. Себебі, салада инвестиция тарту төмендейді деп ойлаймыз. Министрлік салаға инвестиция тарту үшін қазір байланыс операторларымен жұмыс істейді. Мысалы, жақында біз Beeline компаниясымен бес жыл ішінде 1 млрд инвестиция салу жөнінде меморандумға қол қойдық. Басқа байланыс операторларымен де осындай жұмыс істеліп жатыр.

Операторлардың көрсететін қызмет сапасын біз де бақылауда ұстаймыз. «Ақ дақтарды» анықтаймыз, айыппұл саламыз.

Өзіңіз білесіз, (байланыс операторларына салынатын) айыппұлды 10 есе көтердік: 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама