Жыл басынан бері 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арналары жойылды
«Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгеге бағаланады,
2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-ін шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның қорытындысы бойынша 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арналары, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылды.
Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 4,6 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13,6 тонна химиялық реагенттер алынды.
«Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгеге бағаланады, ал айналымға жіберілген көлем – шамамен 5 млн бір реттік доза. ҰҚК деректері бойынша Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр, – делінген ҰҚК хабарламасында.
Сонымен қатар, ҰҚК Шекара қызметі халықаралық қатынас жолдарында есірткі құралдарын тасымалдаудың 200-ден астам әрекетінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 790 келіден астам есірткі және психотроптық заттар алынды.
Осы бағыттағы іс-шаралар жалғасып жатыр.