Түркістан облысында әйел күйеуінің көңілдесін бопсалап, өзіне қол салуға дейін жеткізген
Жесір әйел бір жыл бойы оған ақша беріп, сол үшін қарызға батқан, несие алған.
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотында ірі көлемде ақша бопсалап, көршісін өзіне қол жұмсауға жеткізді деп айыпталған 39 жастағы әйелге қатысты сот отырысы аяқталды, деп хабарлады Ratel.kz.
2021 жылдың күзінде Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғыны Ақжарқынның күйеуімен сөйлесіп жүрген. Ол екі баласы бар жесір әйел екен, жергілікті емханада медбике болып жұмыс істеген. Ақжарқын оның күйеуімен көңіл жарастырып жүргенін біліп қалып, жесірдің жұмысына барған. Ол бір жыл Ақжарқынның күйеуімен интимдік қарым-қатынаста болғанын мойындады. Осыдан кейін Ақжарқын қарсыласынан 5 миллион теңге талап еткен. Әйтпесе туған-туыстары мен ауылдастарының алдында масқаралаймын деп қорқытқан.
Жесір әйел бір жыл бойы оған ақша беріп, сол үшін қарызға батқан, несие алған. Ол 740 000 теңгеге жуық ақша төлеген. Алайда Ақжарқын одан көбірек ақша талап етіп, әйелдің ауылдан кетуін талап еткен.
Салдарынан ол 2023 жылдың ақпанында Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы әпкелерінің үйінде сірке суын ішкен. Оны әпкелері тез тауып алып, жедел жәрдем шақырған. Әйел алты айға жуық комада жатты. Алайда дәрігерлер қанша тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Ол өткен маусымда мерт болды.
Ақжарқынның үстінен Қылмыстық кодекстің 194-бабы «Бопсалау және 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша іс қозғалды.
Бірақ айыпталушы кінәсін мойындамады. Сөзінше, расымен күйеуінің көршісімен көзіне шөп салғанын біліп қалған. Бұған дейін ол әйелмен жақын құрбы болдым дейді. Бұл оқиғадан кейін көршісімен араздасқанымен, кейін қайта достасқанын айтады. Тіпті бірге кәсіп бастаған. Ал күйеуінің опасыздығын кешірмей, ажырасып кеткен.
Айыпталушының айтуынша, жесір әйел үй сатып алғысы келген. Сол үшін банктен қомақты несие алды дейді. Бірақ қарызын жаба алмағасын микроқаржы ұйымдары мен таныстарынан қарыз алған. Салдарынан күйзеліске түсті дейді. Өзіне қол салуға арадағы жанжал емес, несие деп отыр. Ол ақша бопсалады дегенді жала деп санайды.
Бірақ сот айыпталушының сөзіне сенген жоқ, айғақтар оны кінәлі деп санауға жеткілікті деп таныды.
Сот әйелді екі жылға бас бостандығынан айыруды шешім шығарды. Ол жазасын бес жылдан кейін қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтейді. Себебі қазір кішкентай баласы бар.